«Кәсіби білім беруді реформалау экономиканың өсімін және оның инвестициялық тартымдылығын қамтамасыз ету тұрғысынан айрықша маңызды болып отыр.
2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау жүзеге асырылуға тиіс. Жұмысшы мамандықтар жылы еңбексүйгіштік пен кәсібилік идеясын қоғамда кеңінен насихаттауға да ықпал ететін болады.
Адал да табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар әрдайым құрмет пен ілтипатқа ие болуы қажет. Бұл біздің «Жауапты азамат – Адал еңбек – Лайықты табыс» қағидатымызға толық сәйкес келеді. Қоғамымызда еңбексүйгіштік пен кәсібилік құндылықтары әрдайым алдыңғы орында тұруы тиіс. Дәл өз ісінің мамандарының арқасында ұлтымыздың жаңа сапасы қалыптасады. Сондықтан біз адам еңбегінің мәртебесін арттыру үшін дәйекті шараларды жалғастыра береміз.
Жаман жұмыс болмайды, кез келген еңбек – құрметті. Ең бастысы – әрбір азамат өз міндетін адал, үлкен жауапкершілікпен атқаруға тиіс. Тек сонда ғана еліміз прогресс жолында биік белестерге жете алады.
Халық арасында «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деп бекер айтылмаған. Қоғамымызда адал әрі жауапты еңбектің міндетті түрде лайықты бағаланатыны туралы түсінік қалыптасуы қажет. Азаматтарға құрметті атақтар беру, ең алдымен, осы мақсатқа қызмет етеді. Мұндай наградалар бұған дейін мұғалімдерге, дәрігерлерге және мәдениет қайраткерлеріне тағайындалды. Бұл – өте құптарлық бастама, осындай тәсілді кеңінен қолдану керек».








